Павлодарда жаңа туған нәрестені сату дерегі бойынша сот үкімі шықты
Павлодарда жаңа туған қыз баласын 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел сотталды. Сот оны кәмелетке толмағандар саудасына кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды, алайда жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, 2002 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде дүниеге келмеген баласын ақшаға сатуды жоспарлаған. Осы мақсатта ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «бала асырап алғым келеді» атты қауымдастықта хабарландыру жариялап, сатып алушы тауып, жаңа туған қыз баланы 800 000 теңгеге сатуға келіскен.
2026 жылғы 28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.
«Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында қылмыстық әрекет әшкереленді. Жедел іс-шара шеңберінде сатып алушы рөлін атқарған тұлғаға сериялық нөмірлері алдын ала тіркелген ақша қаражаты берілді. 2026 жылғы 31 наурызда Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінде сотталған әйел жаңа туған нәрестені оған қатысты медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 000 теңге көлемінде сыйақы алды. Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы») кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.
Павлодар қаласының прокуратурасы балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және мұндай қылмыстар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін еске салады.