«Анама көмектесе алмағаным жаныма батты»: Мейіржан Төребаев бостандыққа шыққан соң алғаш рет сұхбат берді
Ол салымшылардан кешірім сұрады
Танымал блогер әрі вайнер Мейіржан Төребаев бостандыққа шыққаннан кейін алғаш рет журналист Майя Бекбаеваға ашық сұхбат беріп, көзіне жас алды. Мөлдіреген көз жасы мен өкінішке толы сөздерінде ол халықтан кешірім сұрап, қамауда өткізген ең ауыр сәттерін бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен салымшылардан шын жүректен кешірім сұраймын. Соңғы жарыссөзде де кешірім сұраған едім, қазір де сол сөзімді қайталағым келеді. Менде ешқандай арам ой болған жоқ, істің бұлай аяқталғаны өте өкінішті. Маған сену немесе сенбеу – әркімнің өз еркі», – деді блогер.
Вайнердің айтуынша, темір тордың ар жағында отырғанда психологиялық тұрғыдан ең ауыр соққы жақындарына қол ұшын соза алмау болған:
«Ең жаныма батқаны анамның арбаға таңылғаны болды. Денім сау, ақыл-есім орнында бола тұра, өз отбасыма көмектесе алмағаным өзекті өртеді. Осы жағдай бәрінен де қиын тиді», – деп ағынан жарылды ол.
Айта кетейік, 2020 жылы Мейіржан Төребаев пен бірқатар танымал вайнер Mudarabah Capital қаржылық пирамидасын жарнамалап, оның қызметін дамытуға қатысқан. Серіктестік исламдық инвестициялық жоба ретінде таныстырылып, халықтан миллиардтаған теңге жинаған. Кейіннен салымшылар ақшаларын қайтара алмай, үлкен дау туды. 2023 жылдың маусым айында Алматы қаласының соты Мейіржан Төребаевты қаржы пирамидасын құрды және басқарды деп айыптап, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Вайнер өз айыбын толықтай мойындамай, тек жарнамаға қатысқанын айтқан еді. Жазасының белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін ол жақында бостандыққа шықты.