Корея президенті Тоқаевқа алғыс айтты: Қазақстанда ұсталған 14 оңтүстіккореялық өз елдеріне қайтарылды

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: AP Photo

Оңтүстік Кореяның президенті Ли Чжэ Мен Қазақстанда алаяқтық колл-орталыққа қатысы бар 14 Корея азаматына қатысты оқиғаға ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оңтүстік Корея президентінің айтуынша, Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға жасырын кіріп, телефон алаяқтығын жасаған Корея Республикасының ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жергілікті жерде ұсталғаннан кейін 2 апта өткен соң толықтай елге қайтарылып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитінде тікелей жүздесіп, алғысымызды жеке жеткізуге мүмкіндік болады деп сенеміз», – дейді Ли Чжэ Мен.

Ол сөз соңында Корея Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатер төндіретін қылмыстарға қарсы ешқандай ерекшелік жасалмайтынын, қай жерге жасырынса да, оларды соңына дейін іздеп тауып, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартатынын айрықша атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті алаяқтық колл-орталықтардың қызметінің жолын кесу аясында 23 шілде күні Корея Республикасының 14 азаматын қолға түсіргені хабарланған.