Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес 10 жылға жуық уақыттан кейін шаңырақ көтерді
Олардың қарым-қатынасы 2016 жылы басталған
Португалияның әйгілі шабуылшысы 41 жастағы Криштиану Роналду мен 32 жастағы сүйіктісі Джорджина Родригес он жылға жуық уақыт көңіл жарастырып жүргеннен кейін ресми түрде некелерін қиды. Португалиялық футболшы мен оның аргентиналық-испаниялық сүйіктісі әлеуметтік желідегі ортақ жазбасында неке қиғанын хабарлап, неке жүзіктерін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Британиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, неке қию рәсімі 11 тамызда Португалияның Кашкайш қаласында өткен.
«Роналду мен Джорджина бүгін Португалияның Кашкайш қаласында неке қию рәсімін өткізіп, ресми түрде ерлі-зайыпты атанды. Рәсім жабық түрде, тек жақын адамдардың қатысуымен өтті. Оған олардың бес баласы да қатысты», – делінген мәлімдемеде.
Жұп үйленгені туралы жаңалықты әлеуметтік желідегі ортақ жазбасында жариялады. Алтын неке жүзіктері бейнеленген сурет аз уақыттың ішінде 18 миллионнан астам лайк жинаған.
Роналду мен Джорджинаның қарым-қатынасы 2016 жылы басталған. Болашақ ерлі-зайыптылар Мадридте танысқан. Ол кезде Джорджина Gucci дүкенінде сатушы болып жұмыс істейтін.
Кейін Джорджина Испаниядағы танымал модель әрі инфлюенсерлердің біріне айналды.
Қазір ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр. Джорджина – Алана Мартина мен Белла Эсмеральданың анасы. Отбасында кіші Криштиану және суррогат ана арқылы дүниеге келген егіздер – Ева мен Матео өсіп келеді.
Роналдудың Джорджинаға үйлену туралы ұсыныс жасағаны туралы 2025 жылдың тамызында белгілі болған. Осыдан кейін олардың тойға дайындалып жатқаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет тараған. Алайда некелерін ресми түрде тек 11 тамызда жариялады.