Магистратураға түсу: Қазақстанда грант иегерлерінің есімдері қашан белгілі болады?
Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады
Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратураға грант тағайындау конкурсының мерзімдерін жариялады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланып, оқуға қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, магистратураға түсу үшін 58 мыңға жуық талапкер тестілеуден өткен. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл болды. Ең жоғары нәтиже – 139 балл.
Магистратураның ғылыми-педагогикалық бағытына түсу үшін шекті балл – 75, ал бейіндік бағытқа – 30 балл.
Грант конкурсына құжаттар 12-18 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады.
Грант конкурсына қатысу үшін мына құжаттарды тапсыру қажет:
-
жеке куәліктің көшірмесі;
-
жоғары білім туралы құжат (диплом және оның қосымшасы);
-
кешенді тестілеу сертификаты;
-
шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болса).
Өтініш берген кезде талапкер бір білім беру бағдарламалары тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Кешенді тестілеу кезінде ережені бұзған 94 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенген 69 талапкер тестілеуге жіберілмеді.
Тестілеу кезінде ереже бұзған тағы 25 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды.