Олар STEM тәсілдерін және заманауи білім беру модельдерін оқу үдерісінде қолдануды талқылады
Астанада Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 300-ге жуық жас мұғалімнің басын қосқан ірі халықаралық іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Коннектке Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жас педагогтерге кәсіби жолда үздіксіз ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылудың маңызын атап өтіп, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин білім берудегі технологиялық өзгерістер жағдайында мұғалімнің рөлі жаңа мазмұнға ие болатынына назар аударды.
«Жасанды интеллектіні меңгерген ұстаз мектептегі өзгерістің негізгі қозғаушы күшіне айналады. Технология қаншалықты жетілсе де, ол баланың бойында білімге деген құштарлықты, сыни ойлауды немесе өзіне деген сенімді өздігінен қалыптастыра алмайды. Бұл – мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен адамдық ықпалына байланысты. Сондықтан бүгінгі міндет – технологиядан қауіптену емес, оның мүмкіндігін ұстаздың әлеуетін күшейтуге тиімді пайдалану, – деді Әнуар Қанатұлы.
Екі күн ішінде қатысушылар қазақстандық және халықаралық сарапшылармен бірге жасанды интеллект құралдарын, STEM тәсілдерін және заманауи білім беру модельдерін оқу үдерісінде қолданудың тиімді жолдарын талқылады.
TED форматындағы сессияларда білім берудегі инновациялық экожүйені дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, венчурлік ойлау мәдениеті және Қазақстандағы білім беру жүйесін цифрландыру тәжірибесі сөз болды.
Сондай-ақ Қытайдағы Shaanxi Normal University білім беру технологияларының профессоры, доктор Hongliang Ma жасанды интеллект дәуірінде педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамыту тақырыбында баяндама жасады.
«Жас ұстаз» форумына осымен екінші рет қатысып отырмын. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұндай алаң бізге жаңа идея, кәсіби серпін және ерекше мотивация береді. Форумның халықаралық деңгейге көтеріліп, әр елдегі әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бергені қуантады. Әр делегат өз өңіріне тың идеялармен оралады деп сенемін, – деді Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан келген жас мұғалім Әділбек Батырбек.
Айта кетейік, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» жобасы 2022 жылы еңбек жолын жаңадан бастаған педагогтердің кәсіби дамуы мен кәсіби ортаға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында басталған. Осы уақытқа дейін жоба аясындағы республикалық форумдарға 1000-нан астам жас педагог қатысып, өңірлік іс-шаралар 20 мыңға жуық мұғалімді қамтыды.