Respublica өкілдері Ақтөбедегі «РОКОС ЛОГИСТИК» ұжымымен кездесті
Кездесуде партия өкілдері кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының мәселелерін заңнамалық деңгейде шешудің маңызын атап өтті
Ақтөбедегі жұмыс сапары барысында Respublica партиясының өкілдері «РОКОС ЛОГИСТИК» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесуге партия кандидаттары Айтуар Қошмамбетов, Мейрамгүл Мәдәлі, Айдана Тоғызбаева, Айдос Досқалиев, Дәурен Жабасов, Тахмина Нұғманова және партияның өзге де мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында партияның Парламенттегі үш жылдық жұмысының нәтижелері таныстырылды. Кандидаттар кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, жастар саясаты, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Біздің мақсатымыз сөзбен емес, нәтижемен көрсету. Біз әртүрлі саладан келген адамдармыз. Арамызда кәсіпкерлер, журналистер, өндіріс саласының мамандары, қоғам белсенділері бар. Бірақ бәрімізді біріктіретін бір нәрсе нақты нәтижеге жұмыс істеу», — деді Мейрамгүл Мәдәлі.
Ақтөбе облысынан Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурен Жабасов партияның қоғамға тікелей әсер еткен бастамаларына тоқталды. Атап айтқанда, вейптерге тыйым салу және лудоманиямен күрес бағытындағы заңнамалық өзгерістерді атап, бұл бастамалардың Парламенттегі жұмыстың нақты нәтижесі екенін айтты.
Тахмина Нұғманова өз сөзінде отандық өндіріс пен өңдеу өнеркәсібін қолдаудың маңызын атап өтті. Ол өндірістің тұрақты жұмыс істеуі үшін отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және бизнеске жасалған жағдайды одан әрі жақсарту қажет екенін айтты.
«Біздің командамыздағы азаматтардың барлығының жұмыс істеп тұрған бизнесі бар. Біз өнеркәсіпті қолдамай, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынымызды түсінеміз. Сіздер отандық өндірістің маңызды бөлігісіздер», — деді Тахмина Нұғманова.
Ол сондай-ақ өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Кездесуде партия өкілдері кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының мәселелерін заңнамалық деңгейде шешудің маңызын атап өтті. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті дамыту Respublica-ның негізгі басымдықтарының бірі екені айтылды.