«Ауыл» партиясы Алматыдағы жылыжай кәсіпорнының ұжымымен кездесті

Жиында өндірісті дамыту үшін бизнеске қолдау шараларының тұрақты әрі түсінікті болғаны маңызды екенін атап өтілді

«Ауыл» партиясы Алматыдағы жылыжай кәсіпорнының ұжымымен кездесті
Фото: «Ауыл» партиясының әлеуметтік желісінен

Алматыда ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды науқаны аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов «BRB APK» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ахметбек Қоңырбаев, Айбек Қуатбаев, Айнұр Идрисова және Алмас Мұхаметов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде кәсіпорынның жұмысы, заманауи жылыжай технологиялары және отандық көкөніс өндірісін дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірушілерді қолдау, өнімнің өзіндік құнын төмендету және кәсіпкерлерге тұрақты жұмыс жағдайын жасау мәселелері көтерілді.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі ең алдымен халыққа қажетті өнімді тұрақты өндіретін отандық кәсіпорындардың жұмысына байланысты. Осы ретте ол ірі қалалардың маңында азық-түлік белдеулерін дамытып, өнімді өндіруден бастап сақтауға, тасымалдауға және сатуға дейінгі барлық кезеңді қамтитын агрологистикалық жүйе құру қажеттігін айтты.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өндіріс шығындары, мемлекеттік қолдау шаралары, әкімшілік кедергілер және ұзақ мерзімді жоспарлау мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Олар өндірісті дамыту үшін бизнеске қолдау шараларының тұрақты әрі түсінікті болғаны маңызды екенін атап өтті.

Құрылтай депутаттығына кандидат Айнұр Идрисова партияның сайлауалды бағдарламасындағы отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған 19-тармаққа тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті жұмыс тәртібін қалыптастыру өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында «Ауыл» партиясының өкілдері кәсіпорындардың күнделікті жұмыс барысында жинаған тәжірибесі мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру кезінде ескерілуі керек екенін айтты.