«Ауыл» партиясы Қостанайда «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясын өткізді

Іс-шараға 50-ден астам адам қатысты

«Ауыл» партиясы Қостанайда «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясын өткізді
Фото: видеодан скриншот

Қостанайда «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы өтті. Оған партия төрағасының бірінші орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат Серік Егізбаев, партия өкілдері, жастар мен қала тұрғындарын қосқанда 50-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акция барысында қатысушылар Қазақстанды бейнелейтін символикалық пазл-композицияны бірге құрастырды. Әр адам пазлдың бір бөлігін жинап, соңында жеке бөлшектерден тұтас бейне жасалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл формат әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесін символдық түрде көрсету үшін таңдалған.

Іс-шара кезінде қатысушылар жастардың қоғамдық бастамалары, туған өлкенің дамуына үлес қосу және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы туралы пікір алмасты. «Ауыл» партиясының өкілдері елдің дамуы әр азаматтың өз қаласы мен өңіріндегі мәселелерге бейжай қарамай, ортақ іске араласуынан басталатынын атап өтті.

Акция соңында пазлдың барлық бөлігі біртұтас композицияға біріктірілді. Ұйымдастырушылар бұл көріністі Қазақстанның әр өңірі, қоғамдастықтары мен азаматтарының ортақ елді қалыптастырудағы үлесін білдіретін символ ретінде түсіндірді. Іс-шара қоғамдық бірлікті нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастарды қоғамдық өмірге белсендірек тартуға бағытталған.