Басқосу форматы дәстүрлі баяндамалардан бөлек, еркін сұрақ-жауап және ашық диалог түрінде өрбіді
Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында «ReTalks» диалог алаңы аясында танымдық кездесу өтті. Шарада сайлауалды штаб өкілдері, партия лидерлері мен белсенді жастар бас қосып, ұлы Абайдың бай мұрасын заманауи көзқараспен талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әсерлі кездесуге Respublica партиясының тең төрағалары Сырымбек Тау мен Максим Барышев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жалынбек Жайнарбай, Екатерина Смолякова және Маргарита Боярова қатысты. Басқосу форматы дәстүрлі баяндамалардан бөлек, еркін сұрақ-жауап және ашық диалог түрінде өрбіді.
Спикерлер Абайдың философялық толғаулары мен қара сөздері бүгінгі жас буынның өмірлік бағдарына тікелей қатысты екенін баса айтты.
Кездесу соңы тек пікірталаспен шектелмей, рухани кешке ұласты. Respublica өкілдері мен жастар бірлесе отырып Абайдың жүрекке жылы әндерін шырқады.
«Абай мұрасы біздің ұлттық кодымыз. Хакімнің асыл сөздері мен өсиеттерін жаңа буынның бойына сіңіріп, оны заман талабына сай жаңаша түсіндіру баршамызға ортақ міндет», - деп түйіндеді кеш ұйымдастырушылары.