«Ауыл» партиясы аграрлық ғылымды дамыту мәселелерін талқылады

Кездесу басталар алдында «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым Ғани Қалиевтің ескерткішіне тағзым етілді

«Ауыл» партиясы аграрлық ғылымды дамыту мәселелерін талқылады
Фото: «Ауыл» партиясының әлеуметтік желісінен

Алматыда ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың сайлауалды науқаны аясында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғалымдар мен мамандармен кездесті. Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ахметбек Қоңырбаев, Айбек Қуатбаев, Айнұр Идрисова және Алмас Мұхаметов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу басталар алдында «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым Ғани Қалиевтің ескерткішіне тағзым етілді.

Жиында аграрлық ғылымды дамыту, селекция мен тұқым шаруашылығын жетілдіру, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру және салаға жас мамандар даярлау мәселелері сөз болды. Ғалымдар мен агроөнеркәсіптік кешен мамандары өздерін алаңдатқан мәселелерді айтып, саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мен технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуде отандық ғылымның маңызы зор. Осыған байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижесін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру қажет.

«Азық-түлік тәуелсіздігі өз ғылымымыздан басталады. Ал технологиялық тәуелсіздік – өз білімімізді өз өндірісімізге айналдыра алу қабілетінен басталады», – деді Қайрат Айтуғанов.

Кездесуде айтылған ұсыныстар «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын нақтылау және алдағы жұмыс барысында ескеру үшін назарға алынатыны айтылды.