«Әділет» партиясы екі өңір мен Шымкент қаласында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті
Ақтөбе облысында экология мен орман шаруашылығы, Таразда кәсіпкерлердің мәселелері, ал Шымкентте халықпен кері байланыс орнату жұмыстары талқыланды
Қазақстанның үш өңірінде «Әділет» партиясының өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Ақтөбе облысында экология, орман шаруашылығын дамыту және еңбек адамын қолдау мәселелері көтерілсе, Таразда кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Шымкентте тұрғындармен өткізілген іс-шаралар мен кері байланыс жұмыстарының нәтижелері айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облысы: орман шаруашылығы мен экология мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысындағы Темір орман шаруашылығында Құрылтай депутаттығына кандидат Ербол Данағұловтың мекеме ұжымымен кездесуі өтті. Іс-шараға 40-тан астам адам қатысты.
Кездесуде «Таза Қазақстан» бастамаларын іске асыру, орман шаруашылығын және экологиялық саясатты дамыту, ауылдық аумақтарды дамыту, сондай-ақ сала қызметкерлерін қолдау мәселелері талқыланды.
Ербол Данағұловтың айтуынша, бағдарламада орман отырғызу, ормандарды қалпына келтіру және оларды қорғаудың заманауи жүйелерін енгізу арқылы орман алқаптарының көлемін 14,5 млн гектарға дейін жеткізу міндеті қарастырылған.
Сонымен қатар жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және қолданыстағы қорғалатын аумақтардың көлемін 2 млн гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Темір орман шаруашылығының басшысы Сабыржан Молдақұловтың мәліметінше, мекеме 20 238 гектар аумақты алып жатыр. Мекеменің жеке тәлімбағында ағаштың 20-дан астам түрі өсіріледі. Биыл жабық тамыр жүйесі бар көшет материалын өсіруге арналған контейнерлік алаң құру жұмыстары басталған.

Мекемеде 42 адам еңбек етеді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орман шаруашылығының екі мобильді өрт сөндіру көлігі және екі тракторы бар. Өткен жылы қаржылық лизинг бағдарламасы бойынша екі трактор сатып алынған.
Кездесу барысында шаруашылық қызметкерлері тракторшылардың жалақысын арттыру мәселесін көтерді. Қатысушылар бұл бағыттағы қолдаудың еңбек жағдайын жақсарту және жұмыстың тиімділігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Кездесуде биоалуантүрлілікті сақтау, адам әлеуетін дамыту, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды қолдау, қажетті мамандықтар бойынша кәсіби стандарттарды әзірлеу және өңірлерді экономикалық ерекшеліктеріне қарай мамандандыру мәселелері де сөз болды.
Тараз: кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды
Тараз қаласындағы «Салтанат» базарында «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабының мүшелері тұрғындармен кездесті.
Еркін форматта өткен кездесуде партия өкілдері кәсіпкерлермен, сатушылармен және базарға келушілермен тікелей сөйлесіп, күнделікті өмірге және кәсіп жүргізу жағдайларына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуге шамамен 100 адам қатысты. Жиын барысында сауда, кәсіпкерлікті қолдау, табысты арттыру және азаматтарды күнделікті өмірде алаңдататын басқа да мәселелер көтерілді.

Кездесуде кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың табысын арттыру және шағын әрі орта бизнестің әлеуетін нығайтуға қатысты ұсыныстар талқыланды.
Экономикалық белсенді азаматтарға қолайлы жағдай жасау, жеке кәсіпті дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері де назарға алынды.
Шымкент: 218 мыңнан астам тұрғын қамтылған
Шымкентте қалалық және аудандық штабтар тұрғындармен түрлі форматта кездесулер өткізіп жатыр. Мәлімет бойынша, 23 шілдеден бері қалада 345 іс-шара ұйымдастырылып, оның аясында 218 мыңнан астам азамат қамтылған.
«Есіктен есікке» акциясы аясында 28,5 мың тұрғынмен тікелей байланыс орнатылған. Жұмыс топтары аулалар мен тұрғын үйлерді, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын аралаған.
Кездесулер барысында тұрғындарға бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып қана қоймай, азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелері, талап-тілектері мен ұсыныстары да жинақталған. Тұрғындардың пікірлері арнайы QR-код арқылы қабылданып жатыр.

Қалалық және аудандық штабтардың жұмысына барлығы 150 адам жұмылдырылған. Олардың қатарында партия белсенділері, штаб мүшелері және түрлі қоғамдық орта өкілдері бар.
«Есіктен есікке» акциясынан бөлек, сайлауалды науқан аясында тұрғындармен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, еңбек ұжымдарымен және қоғамдық ұйымдармен кездесулер ұйымдастырылуда.
Осылайша, үш өңірдегі кездесулерде экологиялық қауіпсіздік пен орман шаруашылығынан бастап, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындармен тікелей кері байланыс орнатуға дейінгі түрлі мәселелер қамтылды.