ЖСДП Астанада әйелдердің қоғамдағы рөліне арналған форум өткізді

Форум барысында партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» сайлауалды бағдарламасындағы әйелдерге қатысты ұсыныстар да талқыланды

ЖСДП Астанада әйелдердің қоғамдағы рөліне арналған форум өткізді
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада әйелдердің қоғамдағы орны, гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған «Әйелдің үні – ұлттың күші!» атты форум өткізді. Іс-шараға ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидаттар, гендерлік саясат саласындағы сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, көпбалалы аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, партия белсенділері мен жақтастары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форум барысында партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» сайлауалды бағдарламасындағы әйелдерге қатысты ұсыныстар да талқыланды. Атап айтқанда, әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге араласуы, кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, құқықтарын қорғау және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері көтерілді.

ЖСДП төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Асхат Рақымжанов гендерлік теңдік мәселесі партияның социал-демократиялық ұстанымдарымен үндесетінін айтты. Оның сөзінше, әйелдердің білім алып, кәсіби және саяси салада өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасалуы керек.

«Әйелдеріміз де жан-жақты жетілуі қажет. Олар саяси сауатты болуы тиіс. Қыздарымыз бен аналарымыз, жұбайларымыз да лауазымды қызметтер атқарып, өздерінің білім-білігін шыңдай беруі қажет. Әйел азаматтар бар жерде мейірім мен татулық болады деп ойлаймын. Сондықтан біздің ұстанымымыз – әйел тек отбасында ғана емес, әлемдік деңгейде де жетістікке жете алатынына сену және отбасылық зорлық-зомбылықты жою. Біз жоғары заң шығарушы орындар мен билік құрылымдарында әйелдердің үлесі 30 пайыз болуы керек деп айтып жүрміз. Бұл бастаманы партия бірнеше жылдан бері қолдап келеді», – деді Асхат Рақымжанов.

Құрылтай депутаттығына кандидат Раушан Әубәкірова әйелдердің қоғамдағы орнына тоқталып, қазақ тарихында ел ісіне араласқан әйелдердің көп болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда да әйелдердің білімін, қабілеті мен мүмкіндігін толық пайдалануға жағдай жасалуы қажет.

«Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Тарихымызда елге қызмет еткен Тұмар ханша, Домалақ ана, Әлия мен Мәншүк сияқты әйелдер бар. Бұл қазақ қоғамында әйелдің білімін, қабілетін бағалағанын көрсетеді. Сондықтан бүгін де әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берілуі керек. Біздің партия әйелдерге тең мүмкіндік беруді қолдайды», – деді Раушан Аубакирова.

ЖСДП Орталық аппаратының басшысы, Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов әйелдердің тең мүмкіндігі мәселесін Алаш зиялыларының қызметімен байланыстырды. Оның айтуынша, Алаш қайраткерлері өз заманында әйелдердің білім алуына және қоғамдық өмірге араласуына мән берген.

Форум барысында әйелдердің құқықтары, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, білім алу және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша пікірлер айтылды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамда жиі ашық айтыла бермейтін мәселелерді де ортаға салды.

Жиын соңында ЖСДП өкілдері әйелдердің қоғам өміріне араласуына жағдай жасау және гендерлік теңдік мәселелерін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында көтеруді жалғастыратынын айтты.