Алматы облысында есірткі таратқан ер адам қолға түсті: күдіктіден 10 мың дозаға тең мефедрон табылды (ВИДЕО)

Алматыда 33 жастағы ер адамнан ұнтақ тәрізді зат салынған 130 орама табылды

Алматы мен Алматы облысында полиция есірткі таратушылардың жолын кесіп, заңсыз айналымға түспей тұрып 2 келі мефедронды тәркіледі. ІІМ мәліметінше, аталған факті бойынша күдікті ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство дерегіне сүйенсек, Алматы қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері 33 жастағы ер адамды ұстады. Оның автокөлігін тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған 130 орама табылып, тәркіленді. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру кезінде есірткі құралдары, электрондық таразы, қаптама материалдары және тыйым салынған ұнтақты бөлшектеп орауға арналған өзге де заттар тәркіленді.

Сонымен қатар Алматы облысында ірі көлемдегі есірткі партиясы жасырылған тағы бір орын анықталды. Тәркіленген заттың жалпы көлемі екі килограмм мефедронды құрады, бұл бір реттік 10 мың дозаға тең. Ірі партия полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз айналымға түспей, тұтынушыларға жеткен жоқ. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады.

«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына және оны тарату әрекеттеріне қатаң тосқауыл қою жұмысын жалғастырады. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.