«Әділет» республикалық штабы Семей спортшыларымен бұқаралық спортты дамыту мәселесін талқылады
Партия өкілдері Семейде спортшылар мен жаттықтырушыларға бұқаралық және параспортты дамытуға бағытталған бастамаларын таныстырды
«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Семей қаласында Абай облысының спортшылары және жаттықтырушыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Абай Арена» кешенінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы бұқаралық спортты дамытуға және ұлттың денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамаларды таныстырды. Кандидат Айсұлу Сүлейменова ауыр жол апатынан кейін қалыпты өмірге қайта оралғаны туралы өз тәжірибесін бөлісті.

«Спорт – менің өмірімнің бір бөлігі. Жиырма жасымда жол апатынан кейін екі аяғымнан айырылдым. Бірақ бір нәрсені түсіндім: адамға мүмкіндік беру керек. Маған сондай мүмкіндік берілді, мен белсенді өмірге қайта орала алдым. «Әділет» партиясының бағдарламасында бұқаралық және параспортқа, адамдардың спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген», - деді Айсұлу Сүлейменова.
Ол партия 2029 жылға қарай елдегі халықтың кемінде 50 пайызының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасауды ұсынып отырғанын атап өтті. Бұған «Саламатты шаңырақ» және «Саламатты мектеп» бастамалары да ықпал етпек.
Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы, қазақ күресінен әлем чемпионы Мұхит Тұрсынов партияның салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралары туралы сұрады.

Сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Закиева партия барлық өңірде мектеп жанындағы спорт инфрақұрылымын дамытуды, білім беру және мәдени-демалыс орталықтары базасында секциялар мен залдар ашуды, сондай-ақ ауылдық жерлердегі спортқа бейім балаларды ерте анықтау және қолдау жүйесін құруды ұсынып отырғанын айтты.
«Спортты әр адамға қолжетімді ету – партиямыздың негізгі міндеттерінің бірі. Біз мектеп жанынан спорт нысандары мен ашық дене шынықтыру-сауықтыру алаңдарын салуды, спорт секцияларының желісін кеңейтуді, ауылдардағы дарынды балаларды қолдауды және мектеп алаңдарында ұлттық спорт түрлерін жүйелі түрде дамытуды ұсынамыз», - деді Динара Закиева.
«Елімай» футбол клубының президенті Асқар Ұранхаев «Әділет» партиясын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, партияның көптеген бағдарламалық құндылықтары мен басымдықтары клубтың бүгінде жүзеге асырып жатқан бағыттарымен үндес.
«Сондықтан бізге Жаңа Конституцияда, сондай-ақ «Әділет» партиясының бағдарламасында көрініс тапқан мақсаттар жақын: адам әлеуетін дамыту, жастарды, бұқаралық спортты қолдау, салауатты ұрпақ тәрбиелеу және заманауи спорт инфрақұрылымын құру. Негізінен, бұл – біз футбол клубы арқылы күн сайын жүзеге асырып келе жатқан жұмыс», - деді Асқар Ұранхаев.
Кездесу соңында «Елімай» футбол клубының өкілдері де алдағы Құрылтай сайлауында «Әділет» партиясын қолдайтындарын мәлімдеді.

«Біз «Әділет» партиясымен кездескенімізге қуаныштымыз. Барлығымызды Әділетті Қазақстанды құруға деген ұмтылыс біріктіреді. Команда атынан партияға алдағы сайлауда сәттілік пен жеңіс тілеймін», - деді «Елімай» ФК футболшысы Жан-Али Пайруз.
Партия өкілдері спортпен айналысу мүмкіндігі адамның тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болу керек екенін атап өтті. Бұқаралық спортты дамыту, жас таланттарды қолдау және заманауи спорт инфрақұрылымын кеңейту «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Абай облыстық спорт қауымдастығының ұсыныстары талданып, партияның алдағы заң шығару жұмысында ескеріледі.