Тұрғын үй кезегін жылжыту үшін сыйақы алған: «Отбасы банк» екі қызметкерін жұмысынан қуып жіберді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұл туралы банк 2025 жылғы есебінде мәлімдеді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Отбасы банк» 2025 жылы екі қызметкерін сенімнен шығуына байланысты жұмыстан босатқан. Олар клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін заңсыз жолмен ілгерілеткен және тұрғын үй кезегін жылжыту үшін сыйақы алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы банк 2025 жылғы есебінде мәлімдеді.

Құжатта банк қызметкерлерінің заңсыз сыйақы алған бірнеше фактісі анықталғаны жазылған. Сонымен қатар филиалдардың бірінде қызметкер клиенттердің несие алуға қабілетті екенін растау үшін табыс туралы жалған құжаттар дайындап, оларды несие өтінімдеріне тіркеген.

Анықталған фактілерден кейін екі қызметкер де сенімнен айырылуына байланысты жұмыстан шығарылған. Банк олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы үшін құқық қорғау органдарына арыз жолдаған.

Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.