«Ауыл» партиясы Өскемендегі экологиялық мәселелерге көңіл бөлді
Сарапшылар кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту, заманауи тазарту технологияларын енгізу және мемлекеттік бақылауды күшейту туралы қажеттілік басып екенін айтты
Өскеменде «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов экологтармен, сарапшылармен және жергілікті тұрғындармен ашық форматта пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ажар Қаджибекова, Айбек Қуатбай, София Абдуразақова және «ЭКОДЖЕР» қауымдастығының облыстық филиал жетекшісі Елена Березинская-Абилова қатысты. Кездесуде Өскемендегі ауаның, су мен топырақтың ластануы, сондай-ақ өнеркәсіптік шығарындылардың қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына әсері сөз болды.
Сарапшылар кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту, заманауи тазарту технологияларын енгізу және мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар экологиялық ахуал туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық мониторинг жүйесін дамыту ұсынылды.
Қайрат Айтуғанов экологиялық қауіпсіздікті мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындар жұмыс орны мен таза ауа арасында таңдау жасауға мәжбүр болмауы керек.
Кездесу қорытындысында айтылған ұсыныстар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескерілетіні айтылды.