Ақтөбеде қалың қар жауып, 200-ге жуық көлік жолда қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр 

Фото: inform.kz

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында күні-түні қар жауып, көліктер жолда қалып қойды. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

3 қараша күні сағат 18:33-те «Самара – Шымкент» тасжолының 1153-1240 шақырымы аралығында көліктердің қар құрсауында қалғаны хабарланды. Ырғыз ауданы Қалыбай ауылы маңында жүк көліктерімен қатар жеңіл көліктер тұрып қалған.

«Шамамен 200-ге жуық көлік жолда тоқтап қалған. Оның 70-і - жеңіл көлік болса, біреуі - 15 жолаушысы бар автобус. Арасында жүк көлігі де бар. Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жолда қалғандар арасында өзге елдің азаматтары да бар. Құтқарылған адамдар жақын маңдағы жылыту орындарына жеткізіліп жатыр. ТЖД әзірге құтқару жұмыстарына қанша адам жұмылдырылғанын айта алмады. Құтқарылғандар арасында балалар бар.