Aport Mall кешенінде Respublica партиясы кәсіпкерлермен және жалға алушылармен кездесті
Бүгінде мұнда 5 мыңға жуық адам еңбек етеді
Алматыдағы ең ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі – Aport Mall кешенінде Respublica партиясының сайлауалды штабы кәсіпкерлермен және жалға алушылармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті мәселелер – салық саясаты, тауарларды таңбалау, шекарадағы жүк кідірістері және Қазақстанда бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру жайы кеңінен талқыланды.
Партия өкілдері кәсіпкерлердің ендігі жерде өзгерісті сырттан күтпейтінін, елдегі маңызды шешімдерді қабылдау ісіне өздері белсенді араласып жатқанын атап өтті.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков Respublica бизнес алдында тұрған жүйелі мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешуге нақты атсалысып жүргенін айтты.
«Шекарадағы жүк кідірісі болсын, тауарларды таңбалау мәселесі болсын – мұның бәрі кәсіпкерлердің күнделікті жұмысына әсер ететін түйткілдер. Біз осы мәселелердің заңнамалық деңгейде шешілуіне күш салып келеміз», – деді ол.
Партияның тең төрағасы, салық саласы бойынша сарапшы Максим Барышев бүгінде бизнестің ең үлкен жүктемелерінің бірі еңбекке төленетін шығындарға байланысты екенін жеткізді.
«Жалақы қорынан 41,5 пайыз түрлі міндетті төлемдер мен аударымдарға кетеді. Бұл – кәсіпкер үшін өте ауыр салмақ. Сондықтан біз бұл жүктемені кезең-кезеңімен азайтуды ұсынып отырмыз», – деді ол.
Сондай-ақ Максим Барышев кәсіпкерлікті дамытудың бес кезеңнен тұратын бағдарламасын таныстырып, алғашқы бизнес идеясынан бастап экспорттық нарыққа шығуға дейінгі барлық кезеңде кәсіпкерлерге түсінікті әрі қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.
Құрылтай депутаттығына кандидат, нейрохирург Айдос Досқалиев медицина мен саясаттағы ортақ қағидатты тілге тиек етті.
«Дәрігер үшін де, депутат үшін де ең бастысы – нәтиже. Есеп үшін емес, адам үшін еңбек ету маңызды. Менің мақсатым – әрбір қазақстандықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне ықпал ету», – деді ол.
Кездесу барысында Жетісайда болған қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиға да сөз болды. Спикерлер әйелдер мен өнер адамдарының ар-намысына тиетін сөздер айтылған жағдайға қатысты пікір білдіріп, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, ал қоғамды ірітетін және алауыздыққа итермелейтін мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ бұл дерек бойынша Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғағаны айтылды.