Сәуле Қамытбекова Көкшетаудағы «Шанс» орталығына барды
Үгіт-насихат жұмысы аясында «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидат Сәуле Қамытбекова Көкшетау қаласындағы «Шанс» орталығына барды. Бұл – Ақмола облысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсететін мекеме, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық 24 адамға арналған. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер, балалар үйінен шыққан және өзге де қиын жағдайға түскен азаматтар уақытша тұрып, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек алады. Әйелдер орталықта алты айға дейін бола алады. Оларға тіркеуге тұруға, ал балаларына жергілікті мектепте білім алуға мүмкіндік жасалған.
«Байтақ» партиясының күн тәртібі экологиялық мәселелермен ғана шектелмейді. Қоршаған ортаның қауіпсіздігімен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау, әлеуметтік түйткілді шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру да маңызды бағыттардың бірі»,- деп атап өтті Сауле Камытбекова.
Кездесу барысында орталық қызметкерлері мен көмек алып жүрген әйелдер мекеменің жұмысына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, лицензия алу талаптарының күшеюі, қаржыландырудың тұрақсыздығы және өңірлерде осындай орталықтардың жеткіліксіздігі айтылды.
Мамандардың сөзінше, басқа облыстардан көмек іздеп келетін әйелдер де бар. Алайда орталықтың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, кей жағдайда оларды бір айдан артық орналастыру мүмкін емес. Бұл қиын жағдайға тап болған азаматтарға ұзақ мерзімді қолдау көрсету жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және дағдарыс жағдайындағы азаматтарға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде пікір алмасты.