Алматыда ашық аспан астында мыңдаған тұрғын Абай әндерін шырқады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ашық аспан астында мыңдаған көрермен «Алғашқы кітап» деректі фильмін тамашалады

Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай күні қарсаңында Алматыда ұлы ақын мен ағартушының мұрасына арналған мәдени кеш өтті. Ашық аспан астында мыңдаған көрермен «Алғашқы кітап» деректі фильмін тамашалап, әуенді-поэтикалық және концерттік бағдарламаның қатысушысы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген туынды Абай шығармаларының алғашқы жинағының жарыққа шығу тарихын баяндайды. Деректі драма жанрындағы фильм 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ильяс Бораганский баспаханасында басылып шыққан ақынның тұңғыш кітабының тағдырын, қолжазбаларды жинау кезеңіндегі қиындықтарды және оған атсалысқан тұлғалардың еңбегін көрсетеді.

Фильм көрсетілімінен кейін Алматы қаласы Мәдениет басқармасы ұйымдастырған музыкалық-поэтикалық қойылым ұсынылды. Кешке Талғат Күзембаев, Лидия Каденова, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов, Асан Мәжит, Динара Кемелхан, Ерден Жақсыбек, «Алашұлы» тобы қатысты.

Іс-шара Almaty Summer Fest фестивалімен жалғасты. Фестиваль барысында ұлы ақынның әндері мен өлеңдерін отандық эстрада жұлдыздары орындады.

Жеке орындаушылар қатарында Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Ayarai, Birzhan Demeuuly, Nurtore және Magsoul өнер көрсетті. Сонымен қатар KeshYou және 6ellucci музыкалық топтары мен IL Canto квартеті сахнаға шықты.

Мәдени кеш ашық аспан астында артистер мен мыңнан астам көрерменнің Абай әндерін бірге шырқаған салтанатты сәтімен аяқталды.