Кинотеатр залын әжетханаға айналдырған: көрерменнің мәдениетсіздігі желіде үлкен дау тудырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға 7 тамызда Kinoplexx кинотеатрында болған

Фото: kritikakyzylorda

Қызылорда қаласындағы Kinoplexx кинотеатрының  залында кішкентай баласымен отырған ата-ана көпшіліктің көзінше өз қажеттіліктерін кинотеатр ішінде өтеп, өзге көрермендердің сорақылықпен бетпе-бет келуіне себеп болған. Оқиға 7 тамызда  «Одессия» фильмінің 22:30-дағы сеансы кезінде болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгердің айтуынша, екінші қатардың шетінде отырған отбасы жабық залда баласының әжетханаға баруына жағдай жасамай, барлық әрекетті отырған орнында істеткен. Содан кейін ештеңе болмағандай чипсы жеп, фильмді ары қарай тамашалай берген. Арғы қатарда отырғандар жағымсыз иістен тұншығып, демалыстарының толықтай бұзылғанын айтып налыды.

Желі қолданушылары оқиғаға қатысты пікір білдіріп, кинотеатр әкімшілігінен тиісті шара қолдануды талап етті:

«Әкімшіні шақырып, шығарып жіберу керек еді, үстіне штрафын салып. Масқара ғой, мынау не деген мәдениетсіздік»

«Автор, админді шақырып, камерадағы жазбаны аштырып, штраф салуды талап етіңіз. Немесе осы кинозалды жауып тастасын — бұлай болса, оған ешкім бармайды. Жұрттың боғын иіскеуге барасыздар ма?! Мұндай жағдайда әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы керек»

«Негізі балаға қой, болмайды деп үйрету керек. Қазіргі жастар жыласа да, бүлдірсе де отыра береді саңырау сияқты»

Қоғам өкілдері мұндай бейәдеп әрекеттерге көз жұма қарамай, қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтамайтындарға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануды сұрап отыр.