Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен ҚР ҰҒА-ның бірлескен отырысы Алматы қаласында өтті
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы отандық әзірлемелерді ғылымнан тәжірибеге енгізуге дейінгі толық циклді қалыптастыруға бағытталған стратегияны талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан биотехнологияларды дамытудың жаңа моделін қалыптастыруда. Ол ғылыми идеядан, зертханалық әзірлемеден бастап өндіріске енгізу мен практикалық қолдануға дейінгі толық үдерісті қамтиды. Қазақстан Республикасында биотехнологияларды дамытудың 2036 жылға дейінгі стратегиясының жобасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысында талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен ҚР ҰҒА-ның бірлескен отырысы Алматы қаласында өтті. Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, академиктер, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Отырысты ашқан Ақмарал Әлназарова биотехнологияларды дамыту тек ғылымның ғана емес, елдің технологиялық дамуының да маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Бүгінде біздің алдымызда жекелеген ғылыми әзірлемелерден білім мен технологиялар нақты тәжірибеде қолданылатын толыққанды жүйеге көшу міндеті тұр. Қазақстанның ғылыми әлеуеті жоғары. Ендігі міндетіміз – отандық әзірлемелердің сұранысқа ие технологияларға айналып, азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға қызмет етуіне жағдай жасау», – деді Денсаулық сақтау министрі.
Оның айтуынша, ғылымның, білімнің, денсаулық сақтаудың және өндірістің мүмкіндіктерін біріктіру ерекше маңызға ие.
«Біз үшін перспективалы әзірлемелердің тек зертхана деңгейінде қалып қоймауы аса маңызды. Олар диагностикада, емдеуде, өндірісте және адам өміріне тікелей әсер ететін басқа да салаларда практикалық қолданысқа дейінгі жолдан өтуі тиіс», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев стратегия Қазақстанда толық технологиялық цикл жүйесін қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.
«Стратегияның басты нәтижесі – тек жаңа технологияларды әзірлеп қана қоймай, әлемдегі үздік шешімдерді жедел игеруге, оларды ұлттық жағдайға бейімдеуге, ел ішінде өндіруге, қолдануға және одан әрі жетілдіруге қабілетті тиімді жүйе құру», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Отырыс барысында ҚР ҰҒА академиктері Вячеслав Локшин, Ерлан Тұрыспеков, Аманкелді Саданов және ҚР ҰҒА Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының басшысы Марлен Есіркепов медициналық, аграрлық және өнеркәсіптік биотехнологияларды дамыту бойынша ұсыныстарын таныстырды.
Сарапшылар ғылыми инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау, флагмандық ғылыми бағдарламаларды іске асыру және отандық әзірлемелерді тиімді енгізу тетіктерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Денсаулық сақтау жүйесі үшін биотехнологияларды дамыту медициналық ғылым, диагностика, фармацевтика және өмір туралы ғылымдардың басқа да бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашады. Болашақта бұл еліміздің технологиялық әлеуетін нығайтып, заманауи отандық шешімдердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Стратегия жобасы қатысушылардың тарапынан қолдау тапты. Денсаулық сақтау министрлігіне келіп түскен ұсыныстарды қарастырып, олардың ішіндегі негізделгендерін Стратегия мен оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын одан әрі жетілдіру барысында ескеру ұсынылды.
Құжатты әзірлеу жұмысы мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жалғасады.
2036 жылға дейінгі Стратегия Қазақстанның жекелеген ғылыми жобалардан биотехнологияларды жүйелі дамытуға көшуіне негіз қалайды. Бұл өз технологияларын әзірлеуді, оларды өндіріске енгізуді және кейіннен кеңінен қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.