ЖСДП Жезқазғанда коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесті

Жиында еңбек жағдайы, инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды

ЖСДП Жезқазғанда коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Ұлытау облыстық филиалы Жезқазғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ), қаланы көгалдандыру және абаттандыру саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында еңбек жағдайы, инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында сала мамандары күнделікті жұмыста кездесетін қиындықтарды айтып, еңбек қауіпсіздігін күшейту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, жұмыс жағдайын жақсарту, сондай-ақ ТҮКШ саласын басқарудың тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар қатысушылар қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметкерлер мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне тоқталды.

 Кездесу қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар жинақталып, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарауына жолдау жоспарланып отыр.