Әлемдік жұлдыздың концерті: Алматыда жоқ билетті сатпақ болған жас жігіт ұсталды

Полицейлердің дер кезіндегі шараларының арқасында ол ешкімді алдап үлгерген жоқ

Әлемдік жұлдыздың концерті: Алматыда жоқ билетті сатпақ болған жас жігіт ұсталды
Фото: Azattyq Rýhy

Алматыда полиция әлеуметтік желі арқылы әлемдік жұлдыздың концертіне билет сатпақ болған жас жігіттің заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлемдік жұлдыздың концерті әлі өткен жоқ, бірақ алаяқтар қызу сұранысты өз пайдасына жаратпақ. Алматыда полиция интернет арқылы концерт билеттерін заңсыз сатуға жасалған кезекті әрекеттің жолын кесті.

«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері алдағы концертке билет сататыны туралы хабарландыру жариялаған жас жігітті анықтады. Оның заңсыз әрекетінің жолы дер кезінде кесіліп, сатып алушыларды алдап үлгерген жоқ. Бұл – полицияның алдын алу жұмысының бір ғана мысалы. Ірі мәдени және спорттық іс-шаралар қарсаңында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді, хабарландыру сайттарын және интернет-платформаларды тәулік бойы бақылап, алаяқтық деректері мен жоғары сұранысты пайдаланып заңсыз табыс табуға бағытталған әрекеттерді анықтап келеді», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын билеттерді тек ресми сервистер арқылы сатып алуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және интернеттегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырады.

Айта кетейік, Алматыда әлемге танымал әнші Энрике Иглесиастың концерті 5 қыркүйек күні өтеді

Мақалада
#Алматы #полиция