Сотталушының қорғану құқығы бұзылған: прокуратура істі қайта қарауға жіберді

Ол есірткінің заңсыз айналымы үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған

Сотталушының қорғану құқығы бұзылған: прокуратура істі қайта қарауға жіберді
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Алматы облысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін 7 жылға сотталған азаматтың ісі қайта қаралатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, Алматы облысында ер адам есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Апелляциялық сотпен үкім өзгеріссіз қалдырылған.

Істі зерделеу барысында Бас прокуратура сотталушының қорғану құқығы елеулі түрде бұзылғанын анықтады.

«Денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты сотталушы сот жарыссөзіне қатыса алмай, соңғы сөз айту құқығын пайдалана алмаған. Кассациялық сатыдағы сот прокурордың қорытындысы негізінде сот актілерінің күшін жойып, қылмыстық істі жаңадан сот қарауына жіберді», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Сотталушының сот жарыссөзіне қатысу және соңғы сөз айту құқығы әділ сот талқылауының міндетті кепілдігі болып саналады.