Елімізде күрделі ота жасалған нәрестелердің 93 пайызы аман қалып жатыр – ДСМ

Ведомство дерегіне сәйкес, осы кезеңде ауыр туа біткен даму кемістігі бар нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 22%-дан 6,9%-ға дейін төмендеген

Елімізде күрделі ота жасалған нәрестелердің 93 пайызы аман қалып жатыр – ДСМ
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда соңғы бес жылда жаңа туған нәрестелерге жасалатын күрделі операциялардың нәтижесі айтарлықтай жақсарды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде мұндай отадан кейін сәбилердің 93%-ы аман қалып, емін сәтті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство дерегіне сәйкес, осы кезеңде ауыр туа біткен даму кемістігі бар нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 22%-дан 6,9%-ға дейін төмендеген. Бұл неонаталдық хирургияның дамуы, ерте диагностиканың жетілдірілуі және жоғары технологиялық емдеу әдістерінің енгізілуімен байланысты.

Елімізде жыл сайын шамамен 1 400 жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасалады. Қазір мұндай мамандандырылған медициналық көмек республиканың барлық өңіріндегі перинаталдық орталықтарда көрсетіледі. Сондай-ақ жүкті әйелдердің құрсағындағы сәбиде туа біткен даму ақауы анықталған жағдайда оларды мамандандырылған орталықтарға алдын ала жолдау жүйесі енгізілген. Бұл дәрігерлерге босануға дайындалып, нәресте дүниеге келген сәттен бастап қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі пренаталдық диагностика әдістері жүктіліктің 18–20 аптасында-ақ көптеген туа біткен даму кемістігін анықтай алады. Соның арқасында сәби өмірінің алғашқы күндерінде қажетті хирургиялық емді уақытында жасауға мүмкіндік туып отыр.