Алматыда 1 мыңнан астам ақауы бар жүк көлігі анықталды
Алматыда техникалық ақауы бар жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
Алматыда жыл басынан бері техникалық ақауы бар 1 033 жүк көлігі анықталып, 16 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің мәліметінше, экологиялық талаптарды бұзған жүздеген жүргізушіге шара қолданылып, ондаған жүк көлігі айыппұл тұрағына қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицейлер 1 033 техникалық ақауы бар көлікті анықтады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 229 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, 42 жүк көлігі айыппұл тұрағына қойылды.
Шілде айының ортасынан бері жұмыс істеп жатқан мамандандырылған мобильді топ 428 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтап, 21 жүк көлігін айыппұл тұрағына орналастырды.
«Жолға шығатын әрбір жүк көлігі Қазақстан Республикасының қауіпсіздік және экологиялық талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Ақаулы тежегіш жүйесі, тозған шиналар немесе пайдаланылған газдың шамадан тыс түтіндеуі – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін нақты қауіп факторлары. Біздің міндетіміз – мұндай көлік құралдарын дер кезінде анықтап, олардың әрі қарай пайдаланылуына жол бермеу. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады, өйткені мәселе тек заң талаптарын сақтау ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Алматының қолайлы экологиялық ахуалын сақтау болып табылады», – деді Әбдінұр Тасыбаев.