Той үстіндегі даулы мәлімдеме: ер адамның үстінен үш бірдей баппен іс қозғалып, қамауға алынды (ВИДЕО)

Тойдағы даулы мәлімдеме қоғамда дау тудырды

Той үстіндегі даулы мәлімдеме: ер адамның үстінен үш бірдей баппен іс қозғалып, қамауға алынды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында тойлардың бірінде діни және әлеуметтік араздықты қоздырды деген күдікті ұсталды. Әлеуметтік желідегі видеоға байланысты оның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған дейін хабарланғандай, әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілген (1-бап).

«Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынады (16-бап). Сонымен қатар сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді (23-бап)», – делінген хабарламада.

ІІМ ескертеді: адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысында тойда сөз сөйлеген ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Өз кезегінде Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосына қатысты пікір білдірді.