PSG футбол клубы Қазақстанда академиясын ашатын болды
Қазір оның әлемнің 24 елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді
Францияның Paris Saint-Germain (PSG) футбол клубы Қазақстанда PSG Academy академиясының ресми филиалы ашылатынын жариялады. Академия Астанада жұмысын бастап, PSG Academy-дің жаһандық желісінің бір бөлігіне айналады. Осылайша, Қазақстан халықаралық жобаға қосылған 24-ел атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Академияның ашылуына қазақстандық кәсіпкер Алмаз Әлсенов бастамашы болды. Алғашқы оқу-жаттығу орталығы FIFA талаптарына сай жабық футбол алаңы бар Air Arena спорт кешенінде орналасады. Бұл орын ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың қыркүйегінен бастап академия 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдай бастайды. Бағдарлама аясында апта сайынғы жаттығулар, демалыс кезіндегі футбол лагерьлері, турнирлер, жолдастық кездесулер және халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Жергілікті жаттықтырушылар Париж клубының техникалық мамандарының жетекшілігімен PSG-дің ресми әдістемесі бойынша арнайы дайындықтан өтеді.
PSG Academy Kazakhstan академиясының негізін қалаушы Алмаз Әлсеновтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – қазақстандық балаларға әлемдік деңгейдегі футбол дайындығына қол жеткізуге мүмкіндік беріп, олардың тек спортшы ретінде ғана емес, өзіне сенімді әрі тәртіпті тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.
Академия алғашында Астанада ашылғанымен, алдағы уақытта жобаны Қазақстанның басқа өңірлеріне де кеңейту жоспарланып отыр.
PSG Academy 2005 жылы құрылған. Қазір оның әлемнің 24 елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді және онда жыл сайын 50 мыңнан астам жас футболшы тәлім алады. Ал 1970 жылы құрылған Paris Saint-Germain клубы Францияның ең мықты командаларының бірі саналады. 2025 жылы клуб өз тарихында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.