СІМ ақпарат таратты
Кипрдегі оқиғадан зардап шеккен бойжеткен Қазақстан азаматы емес, қырғызстандық болып шықты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ведомствоның атап өтуінше, ол – Қазақстанда дүниеге келгенімен, Қырғыз Республикасының азаматы.
«Деректерді нақтылау барысында зардап шеккен азаматшаның Қазақстан тумасы екені, бірақ Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды», – деп хабарлады ҚР СІМ.
Еске салсақ, осыған дейін Жанерке Әбдіразақоваға қастандық жасалғанын хабарладық. Қазіргі таңда ауыр жарақат алған ол аса ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Жергілікті полицияның мәліметінше, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында болған. Белгісіз ер адам бойжеткенге пышақпен тап беріп, кейін өз-өзіне де жарақат салған. Екеуі де доктор Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.