СҚО-да күздік бидай орағы межеге жақын

Автор: Azattyq Rýhy

Жаз ыстық болғандықтан, егін ерте пісіп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан диқандары биыл күздік және қара бидай орағына ерте кірісті. Бір апта бұрын басталған күздік дақылдарды жинау науқаны межеге жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биыл теріскей диқандары 4 млн гектардан астам алқапқа дәнді-дақылдар екті. Оның 5 мың гектардан астамы – күздік және қара бидай. Күзде егілген дақылдың 2,5 мың тоннадан астамы жинап алынды.

«Биыл облыстағы бірнеше серіктестік астықты жинауға ерте кірісті. Жаз ыстық болғандықтан егін ерте пісіп жатыр. Салқын күздің ызғары басталмай тұрып диқандар сары алтынды қамбаға құймақ. Мамлют, Жамбыл, Қызылжар, Айыртау, М. Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында орақ науқаны қызған. Түсім гектарынан 27,6 центнер болмақ», - деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының агрономия бөлімінің бас маманы Бахтияр Тоқжігітов.

Шаруалар екі ауысымдық жұмыс тәртібіне көшкен. Егін орағымен қатар егістік даласында минералды тыңайтқыштар себу және зиянкестермен күрес жұмыстары да қарқын алған.

«3,5 млн гектарға жуық алқаптағы арамшөп жойылды. Қазір түрлі өсімдік ауруларына қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бидайда көбінесе «тат», «трипс» аурулары кездесіп жатса, майлы дақылдарға ақ көбелек зиян келтіруде», - дейді Бахтияр Тоқжігітов.

Мамандардың мәліметінше, минералды тыңайтқыштар себу және зиянкестермен күрес жұмыстарына бөлінген 6,2 млрд теңгенің 5,5 млн-ы игерілген.

Бүгінге дейін  облыс алқаптарындағы арамшөптер мен зиянкестерге қарсы 4 мың литр арнайы препарат қолданылды. Айта кеткен жөн, егістігін залалсыздандырып жатқан серіктестіктерге фунгицид және гербицид алу үшін мемлекет тарапынан субсидие қарастырылған. Диқандар қауымы бұл науқан да аяқталуға жақын екенін жеткізді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО