$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.07.2020, 10:43
Жаңалықтар

Бүгін – қасиетті Құрбан айт мерекесі

Коронавирус пандемиясы салдарынан биыл Құрбан айт жаңа ережелерге сәйкес тойланады

Бүгін – қасиетті Құрбан айт мерекесі
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін – қасиетті Құрбан айт мерекесі.Биыл бұл мейрам 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келеді. Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Айт күндері Аллаға арнап құрбандық шалынып, мал сойылады. Бұл – мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

Айта кетерлігі, коронавирус пандемиясы салдарынан биыл Құрбан айт жаңа ережелерге сәйкес тойланады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл жағдайға түсіністікпен қарауға шақырған еді.

Ұлы ғибадаттың бірі – құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу үшін, күнәлар кешірілу үшін, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету үшін, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттеледі. Бұл ғибадатты орындау мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықтың өтінішін ескере отырып, биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Бұл – Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп отырып жасалған қадам. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты ашылып, 24 шілдеден бастап тәулік бойы жұмыс істей бастады.

Індетке байланысты карантин жарияланғандықтан, биыл 30 шілдеге дейін құрбан шалуға онлайн тапсырыс қабылданды. Кез келген азамат онлайн құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, «Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекетінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы игі дәстүрге айналған».

«Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық еті түгелдей мұқтаж жандарға таратылады. Алғаш рет іске қосылғалы тұрған сайтта кемшіліктер болуы мүмкін. Техникалық қиындықтар туындаса, құрметті халайық, түсіністікпен қарауды өтінеміз. Онлайн құрбандық жүйесін ашудағы мақсат – сын-сағатта пайда табу емес, халықтың құрбан шалуға деген қажеттігін қамтамасыз ету. Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалуды ұйымдастыру,» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы кезге дейін азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға айт дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн құрбандық шалынғанда еттің үштен бірі берілмей, түгелдей әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға, мұқтаж жандарға үлестірілетін болды.

Карантин кезінде онлайн құрбандық шалу жобасына мемлекетіміз қолдау көрсетіп отыр. Әр облыста құрбан шалатын орындар белгіленіп, жергілікті әкімдік пен санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады. Осы мақсатта діни басқарма мен облыстық мешіттер жанынан ақпарат орталықтары да құрылған. Онлайн құрбандық туралы білгісі келетін азаматтар осы орталықтарға хабарласа алады.

Серіктес жаңалықтары