Жамбыл облысынан Алматыға бірнеше қап есірткі апармақ болған тұрғын ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Көліктің жүк салғышынан үлкен қара пакеттерге салынған төрт қап есірткі заты табылды

Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында полицейлер Алматыға жеткізілмек болған 43 келіден астам марихуананы тәркіледі. «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұсталған жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны және көлік жүргізу құқығы болмағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Қордай аудандық полиция бөлімінің инспекторлары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 215-шақырымында Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатқан. Алайда жүргізуші тас жолдың жиегіне шығып, полициядан қашпақ болады. Анықталғандай, ол есірткілік масаң күйде болған және көлік құралын басқаруға құқығы болмаған.

Көлікті тексеру кезінде Сэм атты қызметтік-іздестіру иті белгі берген. Тінту барысында автокөліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі, үлкен қара пакеттерге салынған төрт қап есірткі заты табылды.

«Сараптама қорытындысына сәйкес жалпы салмағы 43 келіден астам кептірілген марихуана болып шықты. Тергеу барысында күдікті аса ірі көлемдегі есірткі затын Алматы қаласына жеткізбек болғанын айтты», – делінген ПД хабарламасында.