ЖСДП Қостанай тұрғындарына суперқаһарман бейнесінде үндеу жасады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Шара барысында партия белсендісі Мейрамбек Досаев суперқаһарманның костюмін киіп, тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратты

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Қостанай қаласының орталық алаңында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері ұйымдастырған арнайы таныстыру акциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шара барысында партия белсендісі Мейрамбек Досаев суперқаһарманның костюмін киіп, тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акция кезінде 150-ден астам ақпараттық материал үлестірілген. Акцияға келген тұрғындар белсенділермен әңгімелесіп, суретке түсіп, партия бағдарламасына қатысты сұрақтарын қойған.

Құрылтай депутаттығына кандидат Дамир Жақановтың айтуынша, мұндай формат тұрғындардың назарын аударып, ақпаратты қарапайым түрде жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бүгінгі акцияның мақсаты – партияның ұстанымын тұрғындарға түсінікті форматта жеткізу. Суперқаһарман бейнесі әділдік, ашықтық және азаматтардың мүддесін қорғау идеясын білдіреді», – деді Дамир Жақанов.