ЖСДП кандидаттары Шымкентте медицина қызметкерлерімен кездесті

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті

ЖСДП кандидаттары Шымкентте медицина қызметкерлерімен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиын барысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Медицина қызметкерлері алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі, кадр тапшылығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына қатысты пікірлерін ортаға салды.

Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Қуандық Нұржау денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелерді шешуге кешенді көзқарас қажет екенін айтты.

«Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі, мамандар тапшылығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы – бүгінде көпшілікті алаңдататын мәселелер. Сондықтан бұл бағытта жүйелі шешімдер қабылдау маңызды», – деді Қуандық Нұржау.

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Медицина қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ойларымен бөлісті. Партия өкілдері көтерілген мәселелер назарға алынатынын мәлімдеді.