ЖСДП өкілдері Сандықтауда тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады

Кездесу барысында тұрғындар ауыл мектептері мен медицина мекемелерін сақтау, жас мамандарды қолдауға қатысты ұсыныстарын айтты

ЖСДП өкілдері Сандықтауда тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Ақмола облыстық ЖСДП филиалының өкілдері Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ілияс Жанғали мен Ару Алшынбай, жергілікті тұрғындар, атқарушы орган өкілдері және партия мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жолдардың жай-күйі, коммуналдық қызмет сапасы, ауызсу мәселесі, медициналық көмектің қолжетімділігі, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар ауыл мектептері мен медицина мекемелерін сақтау, жас мамандарды қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.

Құрылтай депутаттығына кандидат Ілияс Жанғали мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ешбір бағдарлама халықтың нақты қажеттілігіне сүйенбесе тиімді болмайды. Сондықтан тұрғындардың пікірін тыңдап, көтерілген мәселелердің шешімін іздеу маңызды», – деді Ілияс Жанғали.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.