Томотерапия тоқтатылған жоқ, ем бұрынғыдай тегін көрсетіледі – ДСМ
Ведомство әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа жауап берді
Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде томотерапияға қатысты тарап жатқан ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, онкологиялық науқастар сәулелік емді бұрынғыдай толық көлемде әрі тегін алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік томотерапияның жеке ем түрі емес, сәулелік терапия жүргізудің бір әдісі екенін атап өтті. Қазір медицинада технология дамығандықтан, бұрын томотерапия аппараттары атқарған қызметтің көбін жаңа буындағы сызықтық үдеткіштер де орындай алады.
Дәрігерлер емдеу тәсілін аппараттың атауына қарап емес, науқастың диагнозына, аурудың сатысына және жалпы жағдайына қарай таңдайды.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Радиациялық онкология орталығының басшысы Виктор Кимнің айтуынша, томотерапия жойылған жоқ. Тек бүгінде заманауи аппараттардың мүмкіндігі кеңейіп, жоғары дәлдіктегі сәулелік емді тиімді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда сәулелік терапия қажет барлық пациент, оның ішінде балалар да, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ем алады. Қазір еліміздің барлық дерлік өңірінде заманауи сызықтық үдеткіштер жұмыс істейді. Астанада алты, Қарағанды мен Семейде екі-екіден осындай аппарат орнатылған.
Соңғы екі жылда Қазақстанда сәулелік терапиямен қамтылған онкологиялық науқастардың үлесі 60 пайызға жуықтаған. Министрлік бұл көрсеткіштің Еуропаның дамыған елдері деңгейіне жақындағанын айтып, онкологиялық қызметті жаңғырту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.