Қазақстанда соңғы екі айда 70 теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді
Қазақстандағы теміржол вокзалдары жаңарып жатыр
Қазақстанда жаз мезгілінің басынан бері ауқымды қайта жаңғырту жұмысынан кейін 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді, оның ішінде 40 нысан шілде айында ашылды. Нысандарды қайта жаңғырту мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көлік министрлігінің мәліметінше, қайта жаңғырту аясында ірі өңірлік вокзалдармен қатар шағын станциялар да жаңартылды. Ең ауқымды жұмыс Ақмола облысында атқарылды, мұнда 12 вокзалда жөндеу жүргізілді. Қарағанды облысында 11 нысан жаңартылды, оның ішінде жолаушылар платформалары мен Қарағанды – Сортировочная станциясының инфрақұрылымы бар. Сонымен қатар жұмыс Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілді.
«Қайта жаңғырту барысында нысандардың техникалық жағдайына қарай күрделі жөндеу жұмыстары немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар станцияларда ескі ғимараттар бұзылып, олардың орнына жаңа вокзалдар бой көтерді. Басқа нысандарда вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялар күшейтілді, конкорстар салынды, сондай-ақ жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды. Барлық нысанда шатыр мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ғимараттардың ішкі әрлеу жұмысы жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Вокзал ғимараттарына заманауи жиһаздар, навигациялық жүйелер, желдету және кондиционерлеу жүйелері, бейнебақылау камералары, өрт және күзет дабылдары, қолжетімділікті бақылау жүйелері, интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды. Ерекше назар кедергісіз орта қалыптастыруға аударылды. Вокзалдар пандустармен, лифттермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру желілерімен, санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталды», – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, бірқатар нысандардың аумағы едәуір кеңейтілді. Атап айтқанда, Орал станциясы вокзалының аумағы 5 778 шаршы метрден 6 346 шаршы метрге дейін, Шетпе станциясында 201 шаршы метрден 1 090 шаршы метрге дейін, Шалқар станциясында 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге дейін, Қазыбек бек станциясында 82,3 шаршы метрден 236,7 шаршы метрге дейін, ал Жетісу станциясында 135,7 шаршы метрден 258,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ақшы станциясында жаңа заманауи аялдау павильоны салынса, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылды.
Жаңартылған вокзалдар күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстанның барлық өңірлері арасындағы, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен теміржол қатынасын қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде теміржол вокзалдары барлық санаттағы жолаушылар үшін неғұрлым жайлы және қолжетімді бола түсті. Бұл көлік қызметтерінің сапасын арттыруға және жолаушылар тасымалын дамытуға ықпал етеді.