Алматы метросында жыл басынан бері 300 тыйым салынған зат тәркіленді

Құқық қорғаушылар жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды

Алматы метросында жыл басынан бері 300 тыйым салынған зат тәркіленді
видеодан скриншот

Жыл басынан бері Алматы метросына тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 310 адам анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, заңсыз айналымнан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат және 4 оқ-дәрі тәркіленген.

«Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін метро станцияларында заманауи бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 604 бейнекамера орнатылған. Олардың бір бөлігі нақты уақыт режимінде бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған», – делінген полиция хабарламасында.

Құқық қорғау органдары жолаушыларды белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, тыйым салынған заттарды алып өтпеуге және күмәнді заттар мен заңсыз әрекеттерді байқаса, бірден полиция қызметкерлеріне немесе метро қызметкерлеріне хабарлауға шақырды.

Сондай-ақ Алматы метросы қоғамдық көліктің ең қауіпсіз түрлерінің бірі болып қала беретіні атап өтілді. Күн сайын метро қызметін 110 мыңнан 130 мыңға дейін жолаушы пайдаланады.