ЖСДП Өскеменде кәсіподақтардың республикалық конгресін өткізді

Конгресс барысында еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталған шешімдер талқыға түсті

ЖСДП Өскеменде кәсіподақтардың республикалық конгресін өткізді
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП-ның сайлауалды науқаны аясында Өскеменде «Еңбек. Әділдік. Ынтымақ» тақырыбымен 20 кәсіподақ ұйымының қатысуымен республикалық конгресс өтті. Іс-шараға партия төрағасы, Құрылтай депутаттығына үміткер Асхат Рахымжанов, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына үміткерлер Максим Андрюшин, Әжар Сағандықова, Виктор Калгин, кәсіподақ жетекшілері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Конгресс барысында еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты жетілдіру және партияның «Өркендеуге бастар 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасындағы бастамалар таныстырылды. ЖСДП төрағасы, Құрылтай депутаттығына үміткер Асхат Рахымжанов ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау, зиянды өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау және салық жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

«Қазіргі ең төменгі жалақы көлемі азаматтардың лайықты өмір сүруіне толық мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеден жоғары деңгейге көтеруді, тұтыну қоржынын қайта қарауды және зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуді ұсынамыз», – деді Асхат Рахымжанов.

Құрылтай депутаттығына үміткер Әжар Сағандықова партияның әлеуметтік бағыттағы бастамаларына тоқталып, еңбек нарығын жаңа жағдайларға бейімдеудің маңызын атап өтті.

Конгресс соңында қатысушылар еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау саласын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар алдағы заңнамалық бастамаларға негіз болатынын айтты.