Қарағандыда ЖСДП өкілдері еңбек пен қалалық ортаны дамыту мәселелерін талқылады

Жиында тұрғындардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері тыңдалды 

Қарағандыда ЖСДП өкілдері  еңбек пен қалалық ортаны дамыту мәселелерін талқылады
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП-ның сайлауалды науқаны аясында Қарағанды қаласында «Лайықты еңбек және жайлы қалалық орта» тақырыбында ашық азаматтық тыңдау өтті. Іс-шараға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының мамандары, еңбек ұжымдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, БАҚ және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында еңбек жағдайын жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және қалалық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері талқыланды. ЖСДП төрағасы, Құрылтай депутаттығына үміткер Асхат Рахымжановтың айтуынша, Қарағандыдағы кездесу тұрғындардың ұсыныстарын жинап, оларды заңнамалық бастамаларға енгізуге мүмкіндік береді.

«Қарағанды – еліміздің индустриялық орталықтарының бірі. Сондықтан еңбек адамының мүддесі мен қалалық ортаның сапасы осы өңірде кеңінен талқылануы заңды. Біздің мақсат – тұрғындардың нақты ұсыныстарын тыңдап, оларды алдағы жұмысымыздың негізіне айналдыру», – деді Асхат Рахымжанов.

Құрылтай депутаттығына үміткер Талғат Тәтіков тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жұмыстарды үйлестіруді күшейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттағы қызметті бір орталықтан үйлестіру тұрғындар көтеріп жүрген мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

«Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен мүлік иелері бірлестіктеріне қатысты мәселелермен бірнеше мекеме айналысады. Біз бұл жұмысты жүйелейтін арнайы құрылым құруды ұсынамыз. Мұндай тәсіл тариф саясаты, күрделі жөндеу, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметі және тұрғындардың құқықтарын қорғау мәселелерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді», – деді Талғат Тәтіков.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Партия өкілдерінің мәліметінше, олар алдағы заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде қарастырылмақ.