Оралда өткен кездесуде ата-аналардың ұсыныстары тыңдалды
ЖСДП-ның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Орал қаласында Құрылтай депутаттығына үміткер Анаргүл Әбенова қант диабеті мен целиакияға шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде үміткер партияның «Өркендеуге бастар 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының денсаулық сақтау саласын жетілдіру, зейнет жасын төмендету және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ мұндай отбасыларға көрсетілетін көмек қайырымдылық емес, заңмен кепілдендірілген құқық болуы тиіс екенін атап өтті.
Жиын барысында ата-аналар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диабетке шалдыққан балаларға арналған сенсорлар мен өзге де медициналық шығыс материалдарының қолжетімділігі, целиакиясы бар балаларға қажетті арнайы тағамның қымбаттығы, инклюзивті білім беру және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді.
Кездесуде сирек кездесетін туа біткен гиперинсулинизм диагнозы қойылған баланың анасы Марина Нұғымашева сөз сөйлеп, көптеген отбасының қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды өз қаражатына сатып алуға немесе шетелден алдыруға мәжбүр екенін айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктеріндегі түйткілдер де ата-аналарға қосымша қиындық туғызып отыр.
Кездесу соңында қатысушылар арнайы сауалнама толтырып, өз ұсыныстарын білдірді. ЖСДП өкілдерінің айтуынша, жиында көтерілген мәселелер мен бастамалар алдағы уақытта заңнамалық деңгейде қаралып, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау тетіктерін жетілдіруге негіз болады.