Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ дамуын қолдайды – президент

Ол жасанды интеллектіні дамытудағы қауіпсіздікті алға тартты 

Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ дамуын қолдайды – президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиадасының ашылуында Қазақстанның жасанды интеллекті саласындағы жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өткен жылы Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл – еліміз зор мақтаныш ететін жетістік. Ол өсіп келе жатқан жас ұрпақтың орасан зор интеллектуалдық әрі шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осы орайда, жастарымызға білім беріп жүрген мұғалімдерге, оқытушыларға мен тәлімгерлерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Тоқаев. 

Президент атағандай, бүкіл адамзат тарихында білім адамдардың басын біріктіріп, оларды дамудың жаңа көкжиектеріне бастап келді. 

«Сіздердің білімдеріңіз бен идеяларыңыз медицина, білім беру, қоршаған ортаны қорғау және басқа да өмірлік маңызды салалардағы серпінді шешімдердің негізіне айналуы мүмкін. Әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге бағытталған жаңа идеялар мен жобалар дәл осы олимпиадада дүниеге келетіндіктен, бұл заңды да. Сондай-ақ осы олимпиада жасанды интеллект саласын зерттеп жүрген жас ғалымдардың халықаралық қоғамдастығын дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін. Бұл әр елден келген мыңдаған жастың арасындағы шығармашылық ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге, нейрожелілердің орасан зор әлеуеті әрдайым үлкен тәуекелдермен де қатар жүретінін ұмытпауымыз керек», – деді Тоқаев. 

Президент киберқауіпсіздікке төнетін қатерлер, жалған ақпараттың таралуы және адам құқықтарының, әсіресе балалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы жоғары жауапкершілік пен ортақ ережелерді талап ететінін айтты. 

«Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ дамуын қатаң қолдайды. Технологиялық прогресс әрдайым адамдардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Әйтпесе, ол өзінің шынайы мәнін жоғалтады. Бұл олимпиаданың басты құндылығы тек медаль жеңіп алуда емес. Ең бастысы – бұл бір-біріңізден үйренуге, идея алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға және болашақтың сын-қатерлеріне бірге жауап іздеуге берілген бірегей мүмкіндік. Мен әрқашан қарапайым қағиданы қайталап айтып жүремін: өзге адамдардан немесе компаниялардан озық тәжірибені үйрену – айып емес, өйткені үйренуге ешқашан кеш емес»,- деді ол. 

Мемлекет басшысы нағыз ұят үйренбеу, дамымай қалу және іске деген қызығушылықты жоғалту екенін еске салды. 

«Бүгін Астанада жинаған білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен достық қарым-қатынастарыңыз болашақ жетістіктеріңіздің берік негізі болатынына сенімдімін. Мен осы маңызды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан халықаралық қоғамдастықтың көрнекті өкілдеріне, сарапшыларға, мұғалімдерге, тәлімгерлерге және ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Осы сәтті пайдалана отырып, жастарға ешқашан тоқмейілсімеуді ескерткім келеді. Өйткені тіпті ең қолайлы жағдайдың өзінде де қиындықтар мен сын-қатерлер болуы мүмкін. Дегенмен, ешқашан оптимизмді жоғалтпаңыздар. Өйткені ең қиын сәттердің өзінде де мақсатқа жетуге және төніп тұрған қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік бар. Қатысушыларға сәттілік тілеймін. Үшінші Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасын ашық деп жариялаймын», – деп түйіндеді президент.