ДСМ: Интернатураны аяқтаған түлек толыққанды дәрігер ретінде өз бетінше еңбек етуге құқылы

Ведомствоның мәліметінше, биыл алғаш рет резидентураға қабылдау толықтай бірыңғай электрондық платформа арқылы жүзеге асырылады

ДСМ: Интернатураны аяқтаған түлек толыққанды дәрігер ретінде өз бетінше еңбек етуге құқылы
Фото: © freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға қабылдаудың жаңа цифрлық жүйесіне қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға жауап беріп, қабылдау қағидаларының не үшін өзгергенін түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, биыл алғаш рет резидентураға қабылдау толықтай бірыңғай электрондық платформа арқылы жүзеге асырылады. Кандидаттарды іріктеу автоматтандырылған рейтинг жүйесі негізінде жүргізіліп, шешімге адами фактордың ықпал етуіне жол берілмейді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік конкурс нәтижесі екі негізгі көрсеткіштен қалыптасатынын атап өтті. Олар – студенттің оқу кезеңіндегі академиялық үлгерімін көрсететін GPA және тәуелсіз қорытынды аттестаттау (ТҚА) нәтижесі. Әр көрсеткіш конкурстық балдың 50 пайызын құрайды.

Ведомство GPA жекелеген медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне артықшылық береді деген пікірмен келіспейді. Министрліктің талдауынша, еліміздегі медициналық университеттердің орташа GPA көрсеткіштеріндегі айырмашылық айтарлықтай емес, ал ТҚА барлық түлек үшін бірыңғай талаппен өткізілетіндіктен, олардың білім деңгейін объективті салыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлік болашақ дәрігердің кәсіби даярлығын бір ғана емтиханмен бағалау дұрыс емес екенін мәлімдеді. Өйткені GPA студенттің бірнеше жыл бойғы тұрақты еңбегін көрсетсе, ТҚА оның білімін ұлттық стандарт бойынша бағалайды.

Ведомство мұндай тәжірибе халықаралық деңгейде де қолданылатынын айтты. Мәселен, Францияда резидентураға бөлу ұлттық қорытынды бағалау нәтижесіне негізделсе, АҚШ пен Канадада ұлттық емтихан қорытындысы, академиялық үлгерім және оқу кезеңіндегі жетістіктер ескеріледі.

Министрлік биылғы конкурс бұрынғы жылдарға қарағанда жоғары екенін де түсіндірді. Биыл конкурсқа алты жылдық және жеті жылдық білім беру бағдарламаларының түлектерімен қатар, өткен жылдардың түлектері де қатысып жатыр. 30 шілдедегі мәлімет бойынша, электрондық платформада 14 мыңнан астам өтінім өңделген. Конкурсқа шамамен 8,9 мың талапкер қатысады деп күтілуде, олардың 2,6 мыңнан астамы – өткен жылдардың түлектері.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылдан бері резидентураға жыл сайын 2,5 мың мемлекеттік грант бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен де гранттар қарастырылған. Соның нәтижесінде жыл сайын шамамен 3,5 мың жас дәрігер мемлекет қаражаты есебінен резидентурада білімін жалғастырады.

Министрлік бүгінде Қазақстанда дәрігер тапшылығы шамамен 3,9 мың маманды құрайтынын атап өтті. Ең көп сұраныс жалпы тәжірибедегі дәрігерлеріне, терапевтерге, хирургтерге және педиатрларға байқалады. Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысы ең алдымен осы бағыттарға бөлінеді. Резидентураға түсе алмаған түлектер медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына, аудандық және ауылдық ауруханаларға жұмысқа орналаса алатыны айтылды. Министрлік интернатураны аяқтаған түлек толыққанды дәрігер ретінде өз бетінше еңбек етуге құқылы екенін еске салды.

Сондай-ақ ведомство жаңа цифрлық жүйе алдағы уақытта жетілдірілетінін, алайда резидентураға қабылдаудың әділдігі, ашықтығы және объективтілігі негізгі қағидат болып қала беретінін мәлімдеді.