Әлем чемпионатында танымал болған ел: Кабо-Верде оқушылары Астанаға келді
Олар елдің жасанды интеллект саласындағы әлеуеті жайлы айтты
Астанада Жасанды интеллектіден халықаралық олимпиада өтіп, онда әлемнің 106 елінен 500-ге жуық қатысушы бақ сынайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олимпиадаға қатысуға келген елдердің бірі – Кабо-Верде. Команда мүшесі Педро Душ Сантуш Қазақстанға алғаш келіп отыр.
«Біздің мемлекет үшін ұлттық даму мүддесіндегі жасанды интеллект жаңа дүние деуге болады. Біз – өз елімізде ЖИ-ді әзірлеумен айналысып жатқан алғашқы командамыз. Сонымен бірге, бізде бұл саланы оқып-үйренген техникалық мамандар мен инженерлер баршылық», – дейді Сантуш.
Кабо-Верделіктер жүлделі орындардың бірін иеленіп, Кабо-Вердені әлемге танытқылары келеді.
«Бұл біздің алғашқы халықаралық жарысымыз болғандықтан, бәсекеден үлкен тәжірибе жинап қайтқымыз келеді. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Бізді әуежайдан қарсы алған сәттен бастап ерекше қонақжайлылықты сезіндік. Қатысушыларға барлық жағдай жасалған, бәрі жоғары деңгейде ойластырылған», – деді ол.
Әлем чемпионатындағы танымалдылықтан кейін Кабо-Верде жайлы жазатындар көбейген.
«Туристер де көптеп келе бастады. Бұл – біз үшін таңсық, жаңа құбылыс. Дегенмен, біздің өз туристикалық бағдарламамыз бар, ол толық жоспарланған», – деді ол.
Еске салсақ, биыл футболдан әлем чемпионатында Кабо-Верде құрамасын дүние жүзіне танытқан басты қаһарман – Жозезинью Диаш, яғни Возинья.
Халқы 500 мыңнан сәл ғана асатын шағын аралдық мемлекеттің әлем чемпионатындағы тарихи дебюті әлемді шулатқан еді.
40 жастағы Возинья Испания шабуылшыларының қақпаға бағыттаған 7 соққысының барлығын кері қайтарып, матчты 0:0 есебімен аяқтауға мүмкіндік берді.
Испаниямен матчтан кейін Возиньяның әлеуметтік желілердегі жазылушылар саны бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған есеге өсті. Халықаралық БАҚ оның табандылығын «мундиалдың ең әсерлі оқиғасы» деп бағалады.
Возиньяның 40 жасында әлем чемпионатының ең жарқын жұлдыздарының біріне айналуы Кабо-Верде елін тек Африкада емес, бүкіл ғаламшарға танымал етті. Қазір қақпашының instagram парақшасындағы оқырманы 30 млн-ға жуық.
Олимпиадаға келген Өзбекстан құрамасының мүшесі Аслидин Абдурахимов Қазақстанға екінші мәрте келіп отыр. Мұндай халықаралық жобаларға қатысу тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қытайдан келген қатысушылар олимпиадаға сақадай сай екенін айтты.