«Миллиардер болу мүмкіндігі жоғары»: Астанада 106 елдің оқушылары ЖИ бойынша бақ сынайды

Олар жасанды интеллект бағытында сайыспақ 

«Миллиардер болу мүмкіндігі жоғары»: Астанада 106 елдің оқушылары ЖИ бойынша бақ сынайды
Видеодан скрин: Azattyq Rýhy

Астана қаласында 2-8 тамыз күндері Жасанды интеллектен халықаралық олимпиада (IOAI) өтеді. Бүгін олимпиаданың ашылуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Қазақстан астанасына әлемнің 106 елінен 500-ге жуық қатысушы, тәлімгер мен делегация жетекшілері жиналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Олимпиадада машиналық үйрету мен деректерді талдау бойынша жекелей турлар, командалық сайыстар және дамып келе жатқан елдерге арналған арнайы GAITE бағдарламасы болады.

Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусиннің айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстанның имиджіне оң әсерін тигізеді.

«Бұл олимпиада – коммерциялық жоба емес, халықаралық деңгейде танылған ресми білім сайысы. Бұған дейін Болгария мен Қытайда өткен халықаралық дода биыл Қазақстанда ұйымдастырылып жатыр. Еліміз үшін 100-ден астам мемлекеттің басын қосу – үлкен мәртебе әрі Қазақстанның жасанды интеллект саласын дамытуға өте оңай қарамайтынының айқын дәлелі», – деді Бағдат Мусин олимпиада кулуарында.

Федерация басшысының айтуынша, мұндай олимпиадаларға қатысушылардың болашақта ірі технологиялық кәсіпкер немесе миллиардер болу мүмкіндігі 1 500 есеге, ал жасанды интеллект пен компьютерлік ғылымдар саласында ғылыми жаңалық ашу жолы 4 000 есеге жоғарылайды.

Бағдат Мусин оқушылар жасанды интеллектіні жат елдегі ұғым ретінде емес, оны Қазақстанда да жасап, әлемдік көшбасшылармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын сезінуі тиіс екенін атап өтті.

Биылғы сайыста Қазақстан намысын еліміздің түкпір-түкпірінен Тараз, Шымкент, Ақтау, Атырау және басқа да өңірлерден іріктелген 8 оқушыдан тұратын құрама команда қорғайды.

Оқушыларды дайындау кезінде информатика олимпиадаларында топ жарып, бүгінде Google, Microsoft сияқты әлемдік гиганттарда жұмыс істейтін қазақстандық мамандар тартылған.

Еске сала кетейік, өткен жылы Бейжіңде өткен олимпиадада 40-қа жуық мемлекеттің арасынан Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болған еді. Биыл бәсекелестік деңгейі әлдеқайда жоғары.