Өңірлерде жаңа инфрақұрылымдық, көлік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Қазақстан өңірлерінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар қарқын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен аптада жаңа теміржол вокзалдары, логистикалық кешен, су құбыры және тұрғын үйлер пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысында Курорт – Бурабай, Ақкөл, Макинск, Шортанды, Жақсы, Сарыоба, Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск, Жалтыр және Аршалы ауданы стансаларындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмысы аяқталды. Апатты жағдайдағы және ескірген ғимараттар орнына кеңейтілген күту залдары бар жаңа кешендер салынды, инженерлік желілер мен перрондар толық жаңартылды. Барлық нысанда мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, заманауи желдету, ауаны баптау және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды.
Ақтөбе облысында Шалқар және Шұбарқұдық стансалары теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Нысандарда ғимараттың қасбеті, шатыры, инженерлік желілері мен ішкі бөлмелері жаңартылып, жаңа жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Нәтижесінде Шалқардағы вокзал алаңы 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге дейін, ал Шұбарқұдық 111,2 шаршы метрден 207,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Алматы облысы Іле ауданында қуаты жылына 3,5 млн шинаға дейін жететін San Baiserke қойма кешені пайдалануға берілді. Нысан ТМД-да шиналарды сақтауға арналған ең ірі логистикалық хабқа айналды. Ауданы 22,6 гектар нысанға қоймалар, қайта өңдеу зауыты, сервистік орталық, сондай-ақ 180 орындық жатақхана мен саябағы бар әлеуметтік инфрақұрылым кіреді. Жаңа логистикалық орталық Қазақстан өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне өнімді көтерме жеткізуді қамтамасыз етеді.
Түркістан облысында ұзындығы 39,3 шақырым «Тама-Тастанбек» топтық су құбыры пайдалануға берілді. Жоба нәтижесінде Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны жерасты су көзінен алынатын сапалы ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз етіледі.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 30 отбасы жаңа тұрғын үйлерден баспана кілтіне ие болды. Жоба жергілікті әкімдік пен Отбасы банкі арасындағы келісім шеңберінде жүзеге асырылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін өңірде шамамен 900 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.