Қазақстан мен Қытай арасында үш жаңа әуе бағыты ашылмақ

Үрімші – Қарағанды, Құлжа – Астана және Құлжа – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерді іске қосу мәселесі талқыланды

Қазақстан мен Қытай арасында үш жаңа әуе бағыты ашылмақ
Фото: istockphoto.com

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы кеңейе түсуі мүмкін. Қытайдың Urumqi Airlines әуе компаниясы Қазақстанға үш жаңа тұрақты рейс ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Urumqi Airlines вице-президенті Чжан Лянның кездесуі барысында жаңа бағыттарды іске қосу мәселесі талқыланды. Компания Үрімші – Қарағанды, Құлжа – Астана және Құлжа – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашуға ниетті екенін мәлімдеді.

Кездесу барысында қазақстандық тарап та жаңа бағыттар бойынша ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, қытайлық әуе тасымалдаушысына Өскемен мен Семейге, ал алдағы уақытта Зайсан және Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстанда өңірлік әуе тасымалын дамыту мәселесін де талқылады. Urumqi Airlines қытайлық COMAC C909 ұшақтарын пайдаланатындықтан, осы әуе кемелері негізінде Қазақстанда бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай жоба Зайсан, Катонқарағай секілді туристік әлеуеті жоғары өңірлерге тұрақты қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.