«Сені зорлап тастаймын»: Ақтауда жартылай жалаңаш ер адам бойжеткенге шабуыл жасады (ВИДЕО)

Қыз бала қашып кетпек болғанмен, ер адам оның жолын кес-кестеп тұрып алады

«Сені зорлап тастаймын»: Ақтауда жартылай жалаңаш ер адам бойжеткенге шабуыл жасады (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Ақтауда ер адам мен қыз баланың арасындағы жанжал барысы түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті Instagram-парақшаларында тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 2 тамыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ақтау қаласының жағалауында болған.

Видеолардың бірінде ақ түсті пиджак пен қара көйлек киген қызды ер адамның күштеп ұстап тұрғаны көрінеді. Қыз бала қарсылық білдіріп, босап шығуға тырысады. Ал оқиғаның куәгерлері араласып, жағдайға араша түскен.

Жағалау маңында түсірілген тағы бір видеода ер адам мен қыздың сөзге келіп қалғаны байқалады. Жанжал барысында ер адам қызға: «Сені зорлаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Ең қауіпті жағдай жолдың жүріс бөлігінде болады. Қыз бала жартылай жалаңаш ер адамнан қашуға әрекеттенгенмен, ер адам оның соңынан қуады. Мұны байқаған бірнеше жүргізуші көліктерін шұғыл тоқтатып, ер адамның жолын кесуге тырысады.

Қыз бала өтіп бара жатқан көліктердің біріне мініп үлгергенмен, ер адам көлікке жүгіріп келіп, есігінен ұстап аладын. Міне, осы кезде жүргізуші көліктен түсіп, қыз балаға көмекке ұмтылады. Ал оқиға куәгерлері жүргізушіден қыз баланы қауіпсіз жерге алып кетуді сұрайды.

Агенттік тілшісі оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының Полиция департаментіне жүгініп, жағдайдың қалай өрбігенін анықтап білді.

«Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның жеке басын анықтап, оларды ұстады. Олар Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері мен қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.